Мекенжай анықтамасын алып тастау бойынша

Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 қыркүйектегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін бекіту туралы» 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 983 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысына сәйкес Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және «Тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамаларын беру» мемлекеттік қызметі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады.

Яғни, еш мемлекеттік орган, мектеп, медициналық мекеме, тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы және басқа да ұйымдар азаматтардан мекенжай анықтамасын 1 қарашадан бастап сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі болмайды.

Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуге тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile  қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.

Мемлекеттік органдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметті ІІМ деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы алатын болады.

Сонымен бірге, азаматтардың мекенжай тіркеуі туралы ақпаратты сұратуы мүмкін басқа ұйымдар, соның ішінде жеке компаниялар egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші тұлғаларға анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Бұл тек азамат  бір рет ақпарат алуға рұқсат беретін SMS-ке келісім бергенде ғана жүзеге асатын болады.

Мұндай SMS алу үшін азамат мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Тіркеуді әр азамат өзі жүргізе алады (egov.kz  порталындағы  «Жеке кабинетке» кіріп, «Телефон» бағанында өз телефонының нөмірін көрсету немесе өзгерту  қажет және оны  өзінің ЭЦҚ-мен растауы керек) немесе ХҚКО-ның кез келген бөлімшесіне жүгінсе болады (қызмет тегін көрсетіледі және 5 минут уақытыңызды алады).

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы талдау жүргізіп, қазақстандықтардың жыл сайын әртүрлі ұйымдарға ұсыну үшін 20 миллионнан астам анықтаманы басып шығаратынын анықтады, олардың жартысына жуығы – мекенжай анықтамалары. Мекенжай анықтамалары негізінен жұмысқа орналасу, балаларды мектеп пен балабақшаға тіркеу, банк қызметтерін алу кезінде, сондай-ақ әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін сұратылған. Осылайша, мекенжай анықтамаларының күші жойылған кезде азаматтардың ХҚКО-ға келу саны 10 миллион есе азаяды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *