Мемлекеттік қызметке түсу тәртібі

Мемлекеттік қызмет

“Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 тамыздағы № 711 қаулысы.

3-тарау. Мемлекеттік қызметке кіру
      12-бап. Мемлекеттік саяси қызметке кіру

1. Азаматтардың мемлекеттік саяси қызметке кiруi тағайындау не сайлау негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген басқа да реттерде, тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға тағайындалуына қажетті келісуден өткен кезде, сондай-ақ арнайы тексерудің оң нәтижелерінен кейін жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік саяси қызметке кіру үшін қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындауы мүмкін.
4. Мемлекеттік саяси қызметшілерге мемлекеттік әкімшілік қызметтегі лауазымды қоса атқаруға жол берілмейді.

13-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру

1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметке алғаш рет немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін жаңадан кірген азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерістің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
3. Өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және қойылатын арнайы біліктілік талаптарына сай келетін, өз өкілеттіктерін тоқтатқан тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн Парламент депутаттарының, мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердің, судьялардың мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына өкілетті комиссияның шешімі негізінде кадрлық резервке іріктеуден және конкурстық іріктеуден тыс орналасуға құқығы бар.

14-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары

1. Мемлекеттік қызметке біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша оған жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті түрде қабылданады.
Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңындабелгіленген, зейнеткерлік жастан аспаған адамдар қабылданады.
Мемлекеттік саяси лауазымдарға жасына қарай талап қойылмайды.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдарына орналасуға үміткер адамдарға жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Мемлекеттiк қызметке:
1) сотпен әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi лауазымға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген жағдайда медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
4) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында осы Заңмен белгiленген шектеулердi өзiне қабылдаудан бас тартқан;
5) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін этикалық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған;
6) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiнде әкiмшiлiк жаза қолданылған;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
8) өзіне қатысты мемлекеттік қызметке орналасқанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақшаларының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
9) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар;
10) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақшаларының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
11) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
12) қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыстар туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақшаларының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
13) құқық қорғау органдарынан, арнайы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептермен шығарылған адамды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тарту үшін негіз болып табылады.
4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушілік жасауға жол берiлмейдi.
5. Құқық қорғау органдарына адамдарды қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
6. Мемлекеттік қызметке кірудің міндетті шарты азамат және оның зайыбы (жұбайы) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіпте табысы мен мүлкі туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органына ұсыну болып табылады.
Мемлекеттік орган немесе лауазымды адамның жұмысқа қабылдау туралы актісі шыққанға дейін адам кіріс және мүлік декларациясын тапсырғаны туралы анықтаманы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынуға міндетті.

15-бап. Біліктілік талаптары

1. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер адамдар белгіленген біліктілік талаптарға сай болуға тиіс.
2. Мемлекеттік саяси лауазымдарға біліктілік талаптары қойылмайды.
3. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекітеді.
4. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік органның және оның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жүзеге асыратын лауазымдық өкілеттіктер ескеріле отырып әзірленеді.
Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексте өзгеше көзделмесе, мемлекеттік әкімшілік лауазымдардың үлгілік біліктілік талаптары негізінде уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің келісуі бойынша біліктілік талаптарды бекітуге мемлекеттік органда мемлекеттік лауазымға тағайындауға құқығы бар тұлғамен (органмен) бекітіледі.
Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын уәкілетті орган бекітеді.
5. Құқық қорғау органдарында біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

16-бап. Мемлекеттік қызметке кіру кезінде қолданылатын шектеулер

Мемлекеттік қызметке кірер кезде адамдар олардың мәртебесін және оған негізделген жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде беделін пайдалануға әкелуі мүмкін әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды. Бұл шектеулерді мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап бір ай ішінде персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) жазбаша нысанда тіркейді.
Шектеулерді қабылдамау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға, жұмыстан шығаруға әкеп соғады.

17-бап. Арнайы тексеру

1. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейiн мемлекеттік қызметке жаңадан кіретін адамдарға осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру шарттары сәйкестігін ұлттық қауіпсіздік органдарымен өткізілетін арнайы тексерудің оң нәтижесін алу қажет.
Арнайы тексеру өткізу мерзімі үш айға дейінгі уақытты құрайды.
2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметке кіретін азаматтар арнайы тексерудің нәтижелерін алған күнге дейiн мемлекеттік әкiмшiлiк лауазым көздейтін мiндеттердi уақытша атқарады.
Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi.
Арнайы тексеру жүргізу кезеңінде бұл адамдарға осы Заңның мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулер бөлігіндегі ережелері қолданылады. Бұл адамдардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.

18-бап. Мемлекеттiк әкімшілік қызметке кiру кезiндегi сынақ мерзімі

1. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін, сондай-ақ оны тоқтатқаннан кейін мемлекеттік әкімшілік қызметке жаңадан кіретін адамдар үшін олардың орналасқан лауазымға сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өту туралы шарт мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы мемлекеттік органның актісінде көзделеді.
Мемлекеттік саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кіретін адамдар үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.
Құқық қорғау органдарына қызметке кіретін адамдар үшін сынақ мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
2. Мемлекеттiк қызметшi дәлелдi себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
3. Мемлекеттік қызметке алғаш рет, сондай-ақ оны тоқтатқаннан кейін әкімшілік мемлекеттік қызметке жаңадан кірген адамдар үшін үшін сынақ мерзімі үш айды құрайды.
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда жұмыстан шығарылады не мемлекеттік лауазымға тағайындауға құқығы бар адамның (органның), не оған уәкілетті адамның шешімі бойынша сынақ мерзiмi кейіннен қайта ұзартусыз үш айға ұзартылады.
Сынақ нәтижесi бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшіні жұмыстан шығару уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшелерімен келiсіле отырып жүзеге асырылады.
4. Сынақ мерзімі кезеңінде, оның ішінде оны ұзартқан жағдайда мемлекеттік қызметке алғаш кірген адамдарға тәлімгер бекітіледі.
5. Сынақ мерзімінен өту тәртібі мен шарттарын және тәлімгерді бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

19-бап. Мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы

1. Антты:
1) мемлекеттік қызметке алғаш кірген адамдар;
2) мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейін жаңадан кірген адамдар қабылдайды.
Ант беру тәртібі Қазақстан Республикасының Президентімен айқындалады.
2. Мемлекеттік қызметші әкімшілік немесе өзге мемлекеттік лауазымнан мемлекеттік саяси лауазымға ауысуы кезінде ант береді.
3. Мемлекеттік саяси қызметшілер олардың әкімшілік немесе өзге мемлекеттік қызметке ауысуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне ант беруді көздейтін жағдайды қоспағанда, басқа мемлекеттік саяси лауазымдарға тағайындау не сайлау жағдайында қайта ант бермейді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *