“Болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытынды беру” мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

Мемлекеттік қызметтер

Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 501 бұйрығына
5–қосымша

 

“Болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында
пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы
қорытынды беру” мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

 

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. “Болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытынды беру” мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
  2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
  3. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беру www.egov.kz “электрондық үкімет” веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

 

2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі порталға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап – 9 (тоғыз) жұмыс күні.
  2. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: электрондық (толық автоматтандырылған) түрде.
  3. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытынды осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшағасәйкес нысанында немесе алдағы құрылыс салу алаңының астында пайдалы қазбалардың болуы туралы хабарлама-хат (еркін нысанда) немесе осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық түрде.

Порталда мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының “жеке кабинетіне” көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында жіберіледі.

  1. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тегін көрсетіледі.
  2. Жұмыс кестесі:

1) көрсетілетін қызметті берушіде – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбі – жұма аралығында, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі асқа үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.

2) порталда – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері өтінішті қабылдау мен мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:

осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 2-қосымшаға сәйкес электрондық құжаты нысанында болашақ құрылыс учаскесі астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқ немесе оның аз мөлшерде екендігі туралы қорытынды беру туралы өтініш;

Көрсетілетін қызметті алушы өтініш берген кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға жазбаша келісімін береді.

Жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттар, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші “электрондық үкімет” шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

Көрсетілетін қызметті алушы өтінішті портал арқылы тапсырған кезде көрсетілетін қызметті алушының “жеке кабинетінде” мемлекеттік қызметтің нәтижесін алатын күн көрсетіле отырып, мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе көрсетіледі.

  1. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту негіздері:

1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған өтініштің және (немесе) оның деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;

2) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы.

 

3-тарау. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды тұлғалардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдану тәртібі

  1. Көрсетілетін қызметті берушінің немесе оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) оның қызметкерлерінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағымдану үшін көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік корпорация басшыларының атына немесе Министрлік басшысының атына шағым беру жолымен жолданады. Көрсетілетін қызметті беруші басшысының мекенжайы және телефоны: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Әзірбайжан Мәмбетов көшесі, 32 үйі, 204/1 кабинет, телефоны: 8 (7172) 39-02-32 .

Шағымдар жазбаша түрде пошта бойынша не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Мемлекеттік корпорациясының кеңсесі арқылы қолма-қол, сондай-ақ портал арқылы беріледі. Сондай-ақ шағымды электрондық құжат, бейнеконференцбайланыс, бейнеөтініш нысанында беруге болады.

Көрсетілетін қызметті берушінің немесе Мемлекеттік корпорацияның кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орны (мөртаңба, кіріс нөмірі және күні) көрсетіле отырып, оны тіркеу шағымның қабылданғанын растау болып табылады.

Шағымды портал арқылы жібергеннен кезде көрсетілетін қызметті алушыға “жеке кабинетінен” оны мемлекеттік органда өңдеу барысында жаңартылып отыратын (жеткізілуі, тіркелуі, орындалуы туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту нәтижелері бойынша жауап) шағым туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады.

Бейнеконференцбайланыс тәсілімен шағымның жолдануы “электрондық үкімет” порталы арқылы іске асырады.

Бейнеөтініш тәсілімен шағымның жолдануы Мемлекеттік корпорацияның филиалдары арқылы іске асырылады.

Жеке тұлғаның шағымда – оның тегі, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, пошталық мекенжайы, заңды тұлғаның шағымда оның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі. Шағымға көрсетілетін қызмет алушы немесе оның сенімхат бойынша өкілі қол қоюға және оны енгізуге тиіс.

Шағым жасалған кезде іс-әрекетіне шағым жасалып отырған субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен талаптары көрсетіледі.

Көрсетілетін қызметті берушінің немесе Мемлекеттік корпорацияның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады. Шағымды қарау нәтижелері туралы уәжді жауап көрсетілетін қызметті алушыға пошта байланысы арқылы жіберіледі не кеңседе қолма-қол беріледі.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның, орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шағымды қарау мерзімі:

1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз тасығышта берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

  1. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

 

4- тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық нысанда көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де талаптары

  1. Көрсетілетін қызметті алушы ЭЦҚ-сы бар болған жағдайда ғана веб-портал арқылы мемлекеттік қызметті электрондық нысанда алады.
  2. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдың “жеке кабинеті”, сондай-ақ Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алу мүмкіндігі бар.
  3. Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің www.mііd.gov.kz интернет-ресурсында “Мемлекеттік органның қызметі” деген бөлімде “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен стандарттар” деген кіші бөлімінде көрсетілген. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414.

 

Қосымшаны жүктеу