“Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру” мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

Мемлекеттік қызметтер

Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2018 жылғы 17 мамырдағы
№ 339 бұйрығына
17-қосымша

 

 

“Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру”
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

 

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. “Кен іздеушілікке арналған лицензияны беру” мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
  2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын (бұдан әрі – Стандарт) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
  3. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жеке тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.

Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

 

2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімді:

1) көрсетілетін қызметті берушінің құжаттар топтамасы тапсырылған сәттен бастап – 7 (жеті) жұмыс күні ішінде;

2) лицензияны қайта рәсімдеу – 7 (жеті) жұмыс күні ішінде;

Ұсынылған құжаттардың толық болмауы фактісі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімдерде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша уәжді түрде бас тартады.

Өтінішті беру кезі облыстың жергілікті атқарушы органына өтініш келіп түскен күнмен және уақытпен айқындалады және есепке алуға жатады.

Берілген өтініш туралы мәліметтер өтініш берілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде облыстың жергілікті атқарушы органының интернет-ресурсында орналастыруға жатады және:

1) өтініш иесінің тегін, атын және әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);

2) өтініш иесі пайдалануға беру үшін сұрап отырған кен іздеушілік учаскесі аумағының координаттарын;

3) өтініш келіп түскен күн мен уақытты қамтиды.

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны – қағаз түрінде.
  2. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – кен іздеушілікке арналған лицензия осы стандарттың 1-қосымшасынасәйкес, қайта рәсімделген лицензия, лицензияның телнұсқасы немесе осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген жағдайда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы уәжді түрдегі жауап.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі туралы мәліметтерді ұсыну нысаны: қағаз түрінде.

  1. Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа күндері, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен дүйсенбі – жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.

Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесін беру кестесі – сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.30-ге дейін.

Мемлекеттік қызмет кезек күтпестен, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз ұсынылады.

  1. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет үшін қажетті құжаттар тізбесі:

1) лицензияны алу үшін:

Көрсетілетін қызметті алушы бектілген нысан бойынша осы стандарттың 2-қосымшасына сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензияны беруге өтініш береді;

Өтінішке келесі құжаттар қоса ұсынылады:

осы стандарттың қосымшасының 1-тармағында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;

кен іздеушілік салдарын жою бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің ұсынылғанын растайтын құжаттың көшірмесі;

өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат;

өтініш иесі бекіткен және кен іздеушілік кезінде пайдаланылуы жоспарланып отырған механикаландыру құралдары мен жабдықтың тізбесін, сондай-ақ кен іздеушілік учаскесінде жүргізілуі жоспарланып отырған кен іздеушілік жөніндегі жұмыстың түрлері мен тәсілдерінің сипаттамасын қамтитын құжат;

аумағына осы тармаққа сәйкес өтініш берілетін жер пайдаланушының немесе жер учаскесінің жеке меншік иесінің, сондай-ақ жер қойнауы учаскесін пайдаланушының келісімі;

кен іздеушілік жоспары.

Өтінішке қоса берілетін құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыруға тиіс.

Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.

2) жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер өзгерген:

жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);

лицензия мерзімі ұзартылған;

жер қойнауы учаскесі аумағының шекаралары өзгерген жағдайларда қайта ресімделуге жатады.

Лицензияны қайта ресімдеу осы стандарттың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметті алушы кен іздеушілікке арналған лицензияны қайта рәсімдеуге өтініші бойынша жүргізіледі.

Өтінішке онда көрсетілген мәліметтерді растайтын құжаттардың түпнұсқалары не нотариат куәландырған көшірмелері қоса беріледі.

Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс.

Лицензияны беру немесе оны қайта ресімдеу кезінде жіберілген грамматикалық немесе арифметикалық қателерді, қателесіп жазуларды не басқа да осыған ұқсас қателерді лицензияны берген мемлекеттік орган түзетуге тиіс.

Лицензияны беру немесе оны қайта ресімдеу кезінде жіберілген қателерді түзету лицензияны қайта ресімдеу болып табылмайды.

Қателерді түзету лицензияны берген мемлекеттік органның бастамасымен, не жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізілуі мүмкін.

Мемлекеттік орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша қателерді түзетуді осындай өтініш келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Лицензияны берген мемлекеттік орган лицензиядағы қатені түзеткеннен кейін оны екі жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға береді.

Түзетілген лицензия лицензияны берген мемлекеттік органның интернет ресурсында түзетілген күні жариялануға жатады.

Лицензиядағы қателерді түзетуге байланысты туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешілуге жатады.

  1. Мыналар мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға негіз болады:

1) өтініш немесе оған қоса берілетін құжаттар осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес келмесе;

2) өтінішке осы Кодексте талап етілетін құжаттар қоса берілмесе;

3) өтініш берілгенге дейін екі жыл ішінде осы Кодексте көзделген негіздер бойынша өтініш иесінің кен іздеушілікке арналған лицензиясы қайтарылып алынған болса;

4) сұралып отырған аумақ немесе оның бір бөлігі басқа тұлғаға берілген кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесіне немесе осы Кодекске сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензияны беру тыйым салынған аумаққа жататын болса;

5) өтініш берілгенге дейін бір жыл ішінде өтініш иесіне бұрын берілген кен іздеушілікке арналған лицензия сұралып отырған жер қойнауы учаскесіне (оның бір бөлігіне) қатысты тоқтатылған болса;

6) сұралып отырған кен іздеушілік учаскесінің аумағы “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану” 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 269-бабының талаптарына сәйкес келмесе, лицензияны беруден бас тартады.

Лицензияны беруден бас тарту жазбаша нысанда шығарылады, уәжді болуға және өтініш иесіне кен іздеушілікке арналған лицензияны қарау және беру үшін көзделген мерзімдер ішінде берілуге тиіс.

Лицензияны беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш иесі бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей шағым жасауы мүмкін.

Лицензияны беруден бас тарту өтініш иесін өтінішті қайта беру құқығынан айырмайды.

Кодекс талаптарына сәйкес келмеген жағдайда көрсетілетін қызметті беруші лицензияны қайта ресімдеуден бас тартады.

  1. Көрсетілетін қызметті алушы қол қою бонусын Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен қарастырылған тәртібі және мерзімі, көлемінде төлеуге міндетті.

Қол қою бонусы құралады:

1) берілген аумақтың алаңы 0,3 км2-ге дейін болған кезде – 9 (тоғыз) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі -АЕК);

2) берілген аумақтың алаңы 0,3-тен 0,5 км2-ге дейін болған кезде – 12 (он екі) АЕК;

3) берілген аумақтың алаңы 0,5-тен 0,7 км2-ге дейін болған кезде – 15 (он бес) АЕК.

 

3-тарау. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

  1. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану қағаз түрінде жүзеге асырылады:

Облыстық жергілікті атқарушы органның адресі бойынша көрсетілетін қызметті берушінің басшысының атына немесе оның орынбасарына;

интернет-ресурсында көрсетілген мекенжайлар бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына жүргізіледі.

Заңды тұлғаның шағымында оның атауы, пошталық мекенжайы, шағымның шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі.

Шағымға көрсетілетін қызметті алушы қол қояды.

Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, берілген шағымға жауап алудың мерзімі мен орнын көрсете отырып тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) шағымның қабылданғанын растау болып табылады.

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі бойынша көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағымы оны тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралады.

Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижесімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдана алады.

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен шағымы оны тіркеген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралады.

  1. Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижесімен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

 

4-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге талаптар

  1. Мемлекеттік қызмет көрсету мекенжайлары көрсетілген қызметті берушінің интернет-ресурсында орналастырылған: көрсетілген қызметті берушінің ресми сайттарында.

14. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің: www.mііd.gov.kz ресми интернет-ресурсында “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер” бөлімінде орналастырылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселесі жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414.

 

Қосымшаны жүктеу